Қостанайда 13 жасар оқушы қыз абайсызда терезеден құлап кетті

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда мектеп оқушысы үйінде ата-анасы жоқ кезде төртінші қабаттан құлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ақпаратты Қостанай облысының полиция департаменті растады.

Ведомство мәліметінше, кеше, 27 мамыр күні сағат 11:00 шамасында Шаяхметов көшесіндегі №169 үйдің төртінші қабатындағы пәтердің терезесінен 13 жасар оқушы құлап кеткен.

Бұл жайында полицияға жағдайға куә болған көршілер хабарлаған.

Олар сондай-ақ жедел жәрдем шақырып, қыздың ата-анасына қоңырау шалады. Қыздың әкесі мен шешесі бұл кезде жұмыста болатын.

Мектеп оқушысы полицияның сұрағына әдейі емес, абайсызда құлап кеткенін айтып түсіндірді.

Пәтерде сондай-ақ қыздың 9 жасар сіңлісі мен 2 жасар інісі болған.

Құлаған қыз түрлі сынықтармен ауруханаға жеткізілді.

Ведомство жыл басынан бері облыс бойынша осымен сегізінші бала терезеден құлап кеткенін мәлімдеді.

Полиция ата-аналардан баласын қараусыз қалдырмауды сұрайды.


Соңғы жаңалықтар