Қостанайда 12 мың автокөлік шығарылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының жалпы ішкі өнімі 10,3%-ға өсті. Бұл туралы бүгін аппарат мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті. Жиында өңірдің былтырғы даму көрсеткіштері қорытындыланып, 2019 жылдың алғашқы жартысына жоспарланған жаңа міндеттер пысықталды. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спановтың сөзінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім бар.

«2018 жылы облыстың жалпы ішкі өнімі 10,3%-ға өсті. Бұған қоса өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де едәуір ұлғайған. Әсіресе тау-кен өндірісі мен өңдеуші кәсіпорындарда өсім жоғары. Өңдеу саласындағы өсім - 105,8%. Ауылшаруашылық тауарларын өңдеу саласы өңірдегі ішкі нарықтың тұтасқа жуығын қамтып отыр. Азық-түлік өнімдерінің экспорты едәуір артты. Атап айтқанда, сыртқы саудадағы ет өнімдерінің үлесі 4 есе, сүт өнімдері 12%, ұн 58%, кондитер өнімдері 19%-ке өскен. Бірнеше жыл бойы тұралап қалған өсімдік майының экспорттық үлесі 6,2 есеге көбейді», - деді әкім орынбасары.

Ерлан Спанов машина жасау саласы да жыл санап қарқын алып келетінін айтты. Былтыр «СарыарқаАвтоПром» серіктестігінде 11 766 жеңіл автокөлік, 159 жүк көлігі құрастырылды. Бұл Қостанай өңірінде бұрын соңды болмаған көрсеткіш.

2018 жылы облыс кәсіпорындары жалпы құны 183,1 АҚШ долларына тең жергілікті өнімді экспортқа жөнелткен.

Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға тиімді жағдай жасалған. Мәселен, 2018 жылы жеке кәсіпкерлер саны 3,5%-ға артқан. Бүгінде облыста әр сала бойынша 51 мың жеке кәсіпкер еңбек етеді. Шағын және орта бизнес нысандарының көбеюі сауда саласының жандануына оң ықпал етіп отыр. Өйткені 40%-тен астам кәсіпкер ішкі сауда саласында қызмет көрсетеді.

Экономика өсімі әлеуметтік саланың тұрақтылығына тікелей ықпал етіп отыр. 2018 жылы өңірде 13 мың жаңа жұмыс орны ашылған. 2,6 мың жұмыссыз кәсіби оқуға жіберілді. Кәсіби білім беретін мекемелерде оқу тәмамдаған 1,3 мың адам еңбекпен қамтылды. Мұның сыртында, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 мыңнан астам адам кәсіптік оқуға тартылған. Оқуды аяқтаған 1543 адамның 361-і жеңілдетілген несие алған.
Жыл басынан бері құрылыс саласында да қыруар шаруа аьқарылды. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 299,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Нәтижесінде облыс бойынша 3172 пәтер пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар