Қостанай жылу энергетикалық компаниясына 15 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай жылу энергетикалық компаниясына 15 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындарының ұжымдық шағымдары негізінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті өткен жылы «Қостанай Жылу энергетикалық компаниясы» МКК-ге жылумен жабдықтау қызметтері үшін ақы есептеудің заңдылығы бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Осы тексерулердің нәтижелері бойынша, ТМРКД барлық мекенжайлар бойынша (Тоқымашылар көшесі, 9а үй, Пушкин көшесі, 183 үй, 8-шағын аудан, 22 үй) нақты жеткізілген жылу энергиясын бөлуде заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл төлемнің дұрыс есептелмеуіне әкеп соқтырған.

Осыған байланысты, «Қостанай Жылу энергетикалық компаниясы» МКК-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзышулық туралы кодекстің 164-бабы 4-бөлігі бойынша 3 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, тұрғындарға жылумен жабдықтау қызметтері үшін негізсіз есептелген сома мөлшерінде қайта есептеу жүргізуді талап ететін нұсқамалар берілді.

Қостанай қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 2022 жылғы 18 сәуірде осы табиғи монополия субъектісіне жалпы сомасы 14 702 400 теңгеге айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Алайда, компания шағымы бойынша істі қайта қарау нәтижесінде Қостанай облыстық соты қаулының күшін жойып, іс жүргізу тоқтатылған.

Қостанай облыстық сотының қаулысымен келіспей, ТМРКД кассациялық шағым жолдады. Оны қарау қорытындысы бойынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 наурыздағы №6кп-14/23 қаулысымен Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 тамыздағы қаулысының күші жойылды, ал Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысы өзгеріссіз қалды.

Осылайша, Қостанай қаласының тұрғындарына (көрсетілген мекенжайлар бойынша) жылумен жабдықтау қызметтері үшін негізсіз есептелген сомалар мөлшерінде қайта есептеу жүргізілетін болды.


Соңғы жаңалықтар