Қостанай туризмін дамытудың жоспары жасалды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының туристік кешенін дамыту мақсатында 7 меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Роза Горянная мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылдармен салыстырғанда 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісі байқалды. Облыста сауықтыру туризмі белсенді дамып келеді.

«Өңірдің туристік әлеуетін көрсету үшін орыс, ағылшын, қытай тілдерінде бейнеролик әзірленді. Бұған қоса, туристермен жұмыс істейтін гид, экскурсияшыларды дайындайтын семинар өткіздік. Бүгінге дейін 42 адам дәріс алды. Жалпы, облыстың 30 қасиетті орнына барып, қазіргі жағдайын бақылап қайттық», - деді Горянная.

Еске салсақ, биыл «Қостанай. Туризм-2017» форумы өткен болатын. Басқосу барысында Торғай геолифтерін туристік мақсатта пайдалану ұсынылған-ды.

«2018 жылы Торғай геоглифтеріне сапар ұйымдастырылып, Қазақстанның қасиетті орындарын шет елдерге таныту үшін халықаралық форум өткізіледі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында көптеген жобаны қолға аламыз. Қазақстандағы аңшылық-трофейлік туризмді дамыту үшін біздің облыс қанатқақты жоба есебінде таңдалды. Сондай-ақ, аймақтың туристік кешенін дамыту мақсатында Египет, Ресей және Қазақстанның туристік ұйымдары 7 меморандумға қол қойды. Тиісінше, біз Қостанайдың туристік бағытын көрсету үшін 2018-2022 жылдарды қамтитын жоспар жасадық», - деп атап өтті Роза Горянная.

Аталмыш жоспар 73 бағыттан тұрады. Мұны әзірлеу үшін 5 млн теңге бөлінсе, оның тек 2 млн 190 мың теңгесі жұмсалды. Жоба жетекшісі Евгений Фикстің сөзінше, Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Қостанай, Меңдіқара, Алтынсарин аудандарының туристік әлеуеті жоғары. Ал Жангелдин және Амангелді аудандарында көрнекі орындардың көп болғанымен, байланыс, яғни, ғаламторға шығу мүмкіндігі жоқ.

«Бүгінде туризмді ілгерілетудің негізгі бағыттары анықталды. Оларды экологиялық, мәдени-танымдық, емдеу-сауықтыру, аңшылық-трофейлік кластерлерге жіктедік. Біз ұсынған жоспарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге шамасында қаражат керек», - деді Фикс.   

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жобаның жетіспейтін тұстары бар екенін айтты. Сол себепті, тиісті министрлікпен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар