Қостанай тұрғындарының коммуналдық қызметке берешегі жарты миллиард теңгеден асқан

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімінің қатысуымен өткен аппарат жиынында коммуналдық қызметке берешек тұрғындардың мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалар мен аудандарда коммуналдық қызметтер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, қарыз көлемі азаймай тұр. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, тұрғындардың коммуналдық қызметтерге қарызы 569,3 млн теңгеге жеткен. Мәселен, Қостанай қаласы тұрғындарының берешегі 380,4 млн теңге болса, жітіқаралықтар 81,6 млн теңге қарыз. Бұл мәселеге Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының (ҚЖЭК) өкілдері облыс орталығы тұрғындарының жылу мен ыстық суға қарыздарының көбеюіне алаңдаулы. Монополистердің уәжіне құлақ асар болсақ, төлемдердің дер кезінде жүргізілмеуі компания жұмысына нұсқан келтіруде. Ал қарыздың қордалануы құбыр жөндеу, алдағы қысқа әзірлік науқанына кесірін тигізуі мүмкін.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтер тарифтері ірі субъектілер бойынша 1%-дан 14%-ға дейін төмендеді. Қуаттылығы аз субъектілердегі тарифтер 2018 жылдың деңгейінде сақталды. Дегенмен, олар электр энергиясы бағасының төмендеуіне байланысты жұмыс жүргізуде. Сәуір айындағы мәлімет бойынша, тұрғындардың жылуға қарызы 419,2 млн теңгеге жетті. Ал су және ағын суларды бұру - 73 млн теңге, электр энергиясы үшін - 55,7 млн теңге, газға 21,4 млн теңге берешек. Аудандар бойынша ең жоғары қарыз Әулиекөл - 13,6 млн теңге, Қостанай - 10,8 млн теңге және Қарабалық - 4,1 млн теңге», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Жылу маусымын қарызсыз, ойдағыдай аяқтауға талпынған компания өкілдері борышкерлермен жұмысты барынша жандандыруды жөн көрген. Атап айтқанда, қызметкерлер қарызы бар адамдардың пәтерлерін аралап, ескерту парақтарын таратуда. Ал оны пысқырмағандармен күресуге сот орындаушылары жұмылдырылған. Жеке сот орындаушылары борышкерлердің дүние-мүліктерін бұғаттап, борышкерлердің өздерін шекарадан аттап баспайтындай етіп шектеу қойып жатыр. Кейбірінің мүліктерін сот шешіміне сай тәркілеп, компанияның кәдесіне жаратқан.

Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне қарызы бар коммуналдық меншік иелерін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар