Қостанай тұрғындарының 73 пайызы электронды денсаулық төлқұжатына ие

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанайдағы Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында өңірлік ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік ведомствоаралық жұмыс тобы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында құрылды. Бүгінгі жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының өкілі Аян Сүлейменов халықты электронды мемлекеттік қызметтермен қамту бойынша өткен тоғыз айдың қорытындысын жария етті.

«Қостанай облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру үрдісі қарқынды. Мемлекеттік корпорация қызметкерлері әр өңірге шығып, денсаулық сақтау, білім беру мекемелеріне талдау жүргізіп отырады. Жыл ішінде 16 мың қостанайлық ЭЦҚ алды. Ал мобильді азаматтар базасында 10 мыңнан астам адам тіркелді», - деді Аян Сүлейменов.

Қостанай облысындағы 864 мың тұрғынның 73 пайызы электронды денсаулық төлқұжатына ие. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың аймақтық жоспары әзірленді. Енді тұрғындар бұрынғыдай амбулаториялық картаны пайдаланбайды, дәрігер қабылдауына электронды түрде жазылады. Қағазбастылықты жою бойынша жұмыстар білім, құқық қорғау салаларында да жемісті жүргізіліп келеді.

Еске салсақ, Елбасы биылғы Жолдауында 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілетінін айтқан болатын.

Жиынға қатысушылар мемқызмет саласында анықталған құқықбұзушылықтарды да талқылады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті заңға қайшы әрекеттерді жою бойынша ұсыныстар енгізді.

Шағымдардың көбі Қостанай қаласы және Қостанай ауданы әкімдігінің лауазымдық тұлғаларына келіп түскен. Қостанай қаласы әкімі аппаратының басшысы Айдар Бердіқожаев мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктердің бар екенін, алдағы уақытта заңнаманың қатаң сақталуын жеке осы мәселені бақылауына ұстайтынын айтып өтті. Мәселен, облыстық департаментке жер учаскелерін беруге байланысты шағымдар көптеп түседі. Осыған дейін тұрғындардың тек 62%-ның өтініші қанағаттандырылды.

Жиында белгілі болғандай, жер учаскелерінде заңсыздықтарға жол берген Қостанай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы  мен бас маманы лауазымдарынан босатылған.

Облыстық Департаменті басшысының орынбасары Асхат Ескендіровтің сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің жазалануы қызмет сапасының жақсарғанын көрсетпейді. Ол ішкі бақылау  арқылы заңбұзушылықтардың алдын алу, уақтылы әдістемелік көмек көрсету қажеттігіне тоқталды.

Соңғы жаңалықтар