Қостанай театры Түркістанда «Мұңмен алысқан адам» драмасын сахналады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры гастрольдік сапармен Түркістан қаласына келді. Тарихы терең өнер ұжымы Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Мұңмен алысқан адам» драмасын сахналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылымды шығарма авторы, белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлы мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар тамашалады.

Айта кетейік, бүгінгі күннің тақырыбын қозғайтын драмада XX ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайға байланысты тағдыр тәлкегіне ұшырап, елден көшіп, Франция топырағынан бір-ақ шыққан қазақ отбасының тағдыры бейнеленеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан Асан қарт туған жерін сағынып, тәуелсіз Қазақ еліне жеткенше асығады. Ал, балалары оның өтінішін орындай қоймайды. Үлкен ұлы Марат жеке кәсібі мен жылы орнын тастап, өзіне бейтаныс өлкеге қоныс аударудан үзілді-кесілді бас тартады. Алайда, атасының жан-дүниесін терең түсінген Елжан «қайтсем де әкемді туған жеріне апарамын» деп шешім қабылдайды. Драмада бауырлар, әке және отбасы арасындағы тартысты шиеленіс көрсетіледі. Кейіпкерлер сөздері нанымды әрі оқиға мазмұнды болғандықтан, көрерменді бейжай қалдырмады. Қарияның туған жері Түркістан жеріне оралғаннан кейінгі сәттер ерекше тебіреніс сыйлады.

null

Драма соңында Түркістан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев тарихи мекенге табан тіреген қостанайлық театр ұжымына алғысын білдіріп, қойылымның авторы Жолтай Әлмашұлы мен театр басшысы Сабырәлі Байғазыұлына алғыс хат пен облыс басшысына сый-сияпат табыстады.

null

Соңғы жаңалықтар