Қостанай полициясы адам басып өлтірген жүргізушіге іздеу салды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай полициясының қызметкерлері 35 жастағы ер адамның өмірі қиылған жол апатынан кейін ізін суытқан жүргізушіні іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол апаты 2018 жылғы 15 шілде күні 01:30 шамасында Затобол кентіндегі Тәуелсіздік көшесінде, «Дента» стоматологиясының маңында болған.

«Жол-көлік оқиғасының салдарынан ер адам көз жұмды. Ал жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқан. Полиция ер адамды тіркеу нөмірі «8» цифрынан басталатын, 8-ден кейін «0» цифры келуі мүмкін қара түсті «Мерседес-Бенц» автомашинасы басып кеткенін анықтады», - дейді ІІД өкілдері.

Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 3-бөлігі бойынша (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Полиция осы оқиғаға қатысты қандай да бір ақпаратты білетін тұрғындардан «102» нөміріне хабар беруін сұрайды.

Соңғы жаңалықтар