Қостанай облысының жолдарында құтқару жұмыстары жалғасуда

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында соңғы тәулікте 175 адам құтқарылып, екі науқас эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖД бөлімшелері Қарасу, Амангелді және Жітіқара аудандарының аумағында, сондай-ақ Арқалық қаласының маңында 6 құтқару операциясына қатысты.

«26 наурыз күнгі сағат 14:02-де Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Жалғыстал ауылынан 25 шақырым жердегі қыстақтан науқасты Арқалық қаласының ауруханасына апарды. Шаруа қожалығында жұмыс істеген 1967 жылғы ер адам шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Сол күні құтқарушылар иығынан жарақат алған 2006 жылғы баланы тасымалдау үшін Қостанайдан Қарасу ауданы, Теректі ауылына аттанды. Сағат 17:05-те науқас бала Октябрьский кентіндегі ауруханаға жеткізілді.

«Түстен кейін құтқарушылар Арқалық-Державинск тас жолында тұрып қалған 99 азамат, оның ішінде 20 балаға көмек көрсету үшін дер кезінде жетті. Оларды жақын маңдағы елді мекендерге апарды. Фурманово ауылында 50 адам жылыту пункті – жергілікті мектепке және туыстарының үйлеріне, қалған 49-ы Арқалық қаласына орналастырылды», - деп баяндады ведомстводан.

Сондай-ақ сағат 19:40-та Қостанай-Жолдама тас жолындағы Дәмді ауылының маңында қар құрсауынан 14 адам құтқарылып, Үштоғай ауылына жеткізілді, оның ішінде 3 бала болған.

Кейінірек құтқарушылар Арқалық-Амантоғай тас жолының Мирное ауылы маңындағы учаскесінде қар құрсауында қалған адамдарға көмек көрсетуге шықты. Құтқарылған 57 адам 21:25-те Арқалық қаласына жеткізілді.

«Бес жолаушы мінген жеңіл көлік Жітіқара қаласынан 70 шақырым жерде облыстық Жітіқара-Мұқтыкөл жолында тұрып қалды. Сағат 23:00-де ТЖД қызметкерлері көлікті сүйреп жолдың тазартылған бөлігіне шығарды, содан кейін құтқарылған азаматтар қозғалысын әрі қарай жалғастыра алды», - деп түсіндірді департаменттен.

Облыстың Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған азаматтарды уақытша орналастыру үшін 255 төсек орны бар 9 жылу пунктін дайындады.


Соңғы жаңалықтар