Қостанай облысының тұрғыны үш баласын тастап кеткен

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қарабалық ауданында үш баласын тастап, ішімдікке салынып кеткен әйел жазалануы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көкек ана аудан орталығындағы Гоголь көшесіндегі үйінен шығып кеткен. Балалардың жылаған даусын естіген көршілері үйге кіреді. Үш баланың жалғыз отырғанын көрген олар бірден ювеналдық полицияға хабар берген. Қызуы көтеріліп, ауырып жатқан бес айлық нәресте аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Ал безбүйрек ана балаларын іздеп, ауруханаға бірнеше күннен соң бір-ақ келген.

24 жастағы ана осы қылығы арқылы өз балаларының денсаулығына қауіп төндірді. Сол себепті, қараусыз қалдырған әйел балғындарын алты ай бойы көре алмайды. Бұл - кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімі. Осы уақыт аралығында балалар Қостанайдағы «Дельфин» сәбилер үйінде болады. Кішісі қараша айында Астанаға барып, томографиядан өтеді.

Қарабалық тұрғындарының айтуынша, үйдің отағасы бала-шағасын тастап басқа облысқа көшіп кеткен. Әйелдің ішімдікке салынуына осы жағдай себеп болуы мүмкін. Енді ол алты ай ішінде жұмысқа тұрып, материалдық жағдайын түземесе, аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, тұрмыстық жағдайының оңалғанын дәлелдесе, балалары міндетті түрде үйіне оралады. Айтпақшы, әйелдің бірнеше жыл коммуналдық төлемдерді өтемей жүргені анықталды. Мұның сыртында үйде электр жарығы жоқ. Ал аудан тұрғындары оның осы қарыздарын өтеп беруге уәде етіпті.

Соңғы жаңалықтар