Қостанай облысының су қоймаларында мұз жарып жатыр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар департаменті Қостанай облысының өзендерінде және жасанды су қоймаларында мұз кептелісінің алдын алу үшін жарылыс жұмысын жүргізуге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствода атап өткендей, көктемгі су тасқыны қарсаңында өзендердегі мұзды қопсыту, өткен жылдардың тәжірибесі бойынша, елді мекендердің маңындағы жағалау аумақтарының су басуына жол бермеуде тиімділігін көрсетті.

«Қарасу ауданының Қарасу өзенінде бірден 2 жарылыс болды. Алғашқы жарылысты бригада Белозерка ауылынан 3 шақырым жерде платинаның алдында жасады. Екіншісі - Зеленовка ауылынан 300 метр қашықтықтағы автомобиль көпірінің алдында орын алды. Бұл ретте 140 ұңғыма бұрғыланды. Мұзды қопсыту бойынша орындалған жұмыстардың жалпы көлемі жеті текше метрден асты, жарылу орындарындағы мұз жабынының қалыңдығы 90-нан 110 см-ге дейін» деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Жангелдин ауданының аумағында, Ошағанды ауылының маңындағы Қарамырза кентінің жанындағы Түңтүгір өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Жарылыс орны кездейсоқ таңдалмады. Өткен жылдың сәуір айында мұнда ондаған тұрғын үйлерді су басып қалған болатын.

Департамент атап өткендей, жарылыс жұмыстарын ұйымдастыру алдында жарылыс алаңы мен мұздың қалыңдығын ескере отырып, мұқият дайындық жүргізілген.

Жарылыстың тиімділігі үшін ведомство мамандары ұңғымалар арасындағы қашықтықты және қажетті жарылғыш заттардың санын ескерді.


Соңғы жаңалықтар