Қостанай облысының шалғай ауылында сүт өңдеу цехы іске қосылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Амангелді ауданының ауыл шаруашылығы саласында сегіз айда 8,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов баяндама жасады. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында сегіз айда 8,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 3,1 мың тоннадан астам ет, 29,5 мың тонна сүт, 6,2 млн данаға жуық жұмыртқа алынды,

Егін шаруашылығымен айналысатын 88 серіктестік пен шаруа қожалығы 2 млрд астам теңгенің өнімін өндіріп отыр.

«Биылғы егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 7 232 гектарға ұлғайып, барлық егістік көлемі 138 мыңнан астам гектарды құрады. 126, 9 мың гектар жаздық бидай алаңынан алынған өнім 85 мың тонна, гектарынан 6,7 центнерден оралып отыр, Мал шаруашылығы саласындағы 357 шаруа қожалығы мен 5 серіктестікке 637 мың га жер бекітіліп берілген. Олар 6,3 млрд теңгенің өнімін нарыққа шығарды», — дейді Ә.Асанов.

Аудан шаруашылықтары 37,9 мың ірі қара, 85,5 мың қой-ешкі, 20 мыңдай жылқы, 155 мыңнан астам құс ұстайды. Қызмет істеп тұрған 912 шағын және орта бизнес субъектілерінде 1772 адам еңбек етеді. Жылдың алғашқы тоғыз айында кәсіпкерлер 944 млн теңгенің өнімін өндіріп, қызметтер көрсетіп отыр. Ал өңірде бизнес бастауға ниеттеніп отырғандар аз емес. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде «Батпаққара» ШҚ «Сүт өңдеу цехы» жобасы бойынша 13 млн теңгеге «Қазақстан халық банкі» арқылы несие алды. Қазіргі таңда құрал-жабдықтар сатып алынуда.

«Президент Жолдауының кәсіпкерлік саласына тағы бір үлкен көмегі – микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату. Аталған жеңілдік бойынша ауданымызда 500-ге тарта кәсіпкер салықтан босатылып, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады», — дейді аудан әкімі.

Республикалық және облыстық бюджет есебінен жалпы құны 992,1 млн теңге болатын «Амангелді және Есір ауылдарындағы су беру жүйелерін қайта құрылымдау» жұмыстары аяқталуға жақын. Ауыз сумен 9 мыңға тарта адам қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Ал алдағы екі жылда Қабырға ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 7,4 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Айта кетсек, қазіргі уақытта аудандағы 30 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген.

Жастар жылына орай облыста алғашқылардың бірі болып жас мамандарға арнап құны 17 млн теңге болатын жалпы ауданы 296 шаршы метрді құрайтын 8 пәтерлі үй салынды. Онда бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жас мамандар қоныстанып отыр.

Соңғы жаңалықтар