Қостанай облысының шалғай ауылдарына ауыз су құбыры жүргізіледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Қарасу ауданына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы Октябрьское және Железнодорожное ауылдарының су құбырларының құрылысын тексерді. Аталмыш елді мекендердегі су мәселесі жұртшылық арасында көбірек талқыланған болатын. Қазір бұл ауылдардағы түйткілді мәселелерді шешу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында екі жоба қолға алынды.

«Октябрьское ауылындағы су құбыры құрылысының аяқталу мерзімі 2021 жылғы маусым айына белгіленді. Жобаның құны 388,9 млн теңге. Железнодорожное ауылына желтоқсан айында сапалы ауыз су беріледі. Бұл мақсатта 255,2 млн теңге жұмсалады. Облыс әкімі Қарасу-Восток су құбыры желілерінің құрылыс барысымен де танысты. Бұл жобаға 1 млрд 897 млн теңге бағытталған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс 2022 жылдың тамыз айында аяқталады», - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов.

Архимед Мұхамбетов Железнодорожное ауылындағы «Триумф» спорт кешеніне барды. Спорт кешенінің құрылысы «Железнодорожное АМФ» ЖШС қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Әкім сапары Қарасу ауылында жалғасты. Бұл ауылда 320 орындық қазақ мектебі салынып жатыр. Мектеп құрылысына 1,2 млрд теңге бөлінген. Жаңа мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Архимед Мұхамбетов Қарасу - Большая Чураковка автомобиль жолы учаскесінің жөнделіп жатқан аумағына барды. Құны 964,1 млн теңге облыстық маңызы бар автомобиль жолы орташа жөндеуден өтеді.

Сапар қорытындысында облыс басшысы Қарасу ауданы әкімі В.Радченкоға жоспарланған жобалардың іске асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар