Қостанай облысының он шақты ауылында жаңа спорт кешені салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының бірқатар ауылы мен кентінде екі жыл ішінде спорт кешендері салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қостанайда 50 метрлік жүзу бассейні мен Мұз спорт сарайының құрылысы аяқталды, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қайыржан Есімтаев.

«Инвестициялық қоржында Қарабалық кентінде, Аманқарағай, Заречное, Боровское, Харьковское, Қарамеңді, Сарыкөл, Әйет ауылдарында, сондай-ақ Амангелді, Қарасу және Рудный ауылдарында спорт кешендерін салу жобалары бар. Бұл жобаларды 2023-2024 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді Қ.Есімтаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Ведомствода атап өткендей, пандемиядан кейінгі кезеңге қарамастан, қостанайлықтардың спортпен белсенді айналысуға деген қызығушылығы әлі де өшкен жоқ.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 297,6 мың адам айналысқан. Бұл облыс халқының 34,7%-ын құрайды. Жас санаттары бойынша олардың 53,2 мыңы – 13 жасқа дейінгі балалар, 120,3 мыңы – жастар, 117,5 мыңы – 30-60 жас аралығындағылар, 6,4 мыңы – зейнет жасындағылар», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Басқарма өткен жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін спорт секцияларын ұйымдастыру жұмысын жолға қойды. Қарабалық, Қамысты, Қарасу және Қостанай аудандарында төрт жаңа балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы құрылды, оларда балаларға арналған 36 жаңа секция ашылды. Қазір оларға 654 бала барады.

Қазіргі уақытта спорт секцияларындағы 55 клубта 10 409 жасөспірім бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 43 жаңа спорт секциясы құрылған. Облыста барлығы төрт мыңнан астам секция бар, онда 78 мыңға жуық бала, яғни оқушылардың 69,8% -ы спортпен айналысады.


Соңғы жаңалықтар