Қостанай облысының елді мекендерін газдандыруға 13 млрд теңге жұмсалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының елді мекендерін газдандыруға алдағы уақытта 13 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қостанай өңірінің елді мекендерін газдандыруға 13 млрд теңге жұмсалады. Облыс әкімдігі «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамымен меморандумға қол қойды. Осы келісімнің нәтижесінде өткен екі жыл ішінде сегіз елді мекенге газ берілді. Онда 30 мың адам тұрып жатыр. Таяу екі жылда 23 мың адам тұратын тағы төрт елді мекенге газ беріледі», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыс басшысы сонымен бірге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде өңір аумағында 17 млрд теңгенің жобалары іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

«Аймақта 17 млрд теңге сомасына 45 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жасалды. Жалпы инвестиция сомасы 27 млрд-тан астам теңгеге 68 жоба іске асырылуда», - дейді ол.

Еске сала кетсек, аталмыш брифингте Архимед Мұхамбетов Қостанай облысында жыл басынан бері автокөлік құрастыру 15,7 пайызға артқанын айтты. Оның сөзіне құлақ ассақ, осындай өсіммен Қостанай облысы 2023 жылға қарай жылына 60 мың автокөлік шығаруды көздеп отыр.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлық технологиялар қалай енгізіліп жатқанын айтып берді.

Соңғы жаңалықтар