Қостанай облысының бюджеті өзгертілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық мәслихат отырысында былтырғы бюджеттің орындалу нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2018 жылы облыс бюджетіне жалпы көлемі 2,2 млрд теңге қаржы түскен. Оның 85%-і - мемлекет бөлген мақсатты трансферттер мен субвенциялар, яғни кейін қайтарылып берілетін мақсатты жәрдем қаржылар. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпованың айтуынша, былтыр облыс бюджеті толық игерілген. Бюджет қаржысын тиімді игеру жөнінен Қостанай облысы республика бойынша Ақтөбеден кейін екінші орында келеді.

«Бюджет шығыстарының негізгі үлесі халықтың тұрмыс жағдайын және әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларға тиесілі. Бұдан басқа, экономиканың осы секторына бюджет қаражатын құюдың жыл сайынғы өсуі байқалады. Оның үлес салмағы 2017 жылмен салыстырғанда 2,6% - ға ұлғайды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына 12,1 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді», - деді Алма Жүсіпова.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Елена Дерий баяндама жасады. Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алуға арналған бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржыдан 2 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаржының 452,6 млн теңгесі Аманқарағай ауылына көгілдір отын тартуға жұмсалады. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан жаңа шағын аудандарға көше салуға және қала көшелерінің ой-шұқырын жамауға 404,5 млн теңге бөлінді.

«Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға 280,5 млн теңге қарастырылған. Биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 101 кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар, биыл Таран ауданындағы Новолинов мектебіндегі күрделі жұмыстарын аяқтауға 82,2 млн теңге бөлініп отыр. Алдағы жылы Амангелді - Үрпек - Рахмет - Әліби тас жолына орташа жөндеу жалғасады. Амангелді кентіндегі М. Мәметова атындағы көше оңдалып, Арқалық - Торғай бағытындағы күре жол ернеуін нығайтып, бекіту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, Арқалыққа 10 мың тонна мазут жеткізу көзделген. Оған 140,6 млн теңге қаржы бөлінді» , -деді Е.Дерий.

Биыл Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданындағы блокты-модульды жылу қазандығының құрылысына қосымша 100 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдап, мақұлдады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, биыл облыстық бюджет қоржынында игерілмеген 782 млн теңге қаржы бар. Ол келесі жылдың бюджетіне көшеді.

Соңғы жаңалықтар