Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды
2022 жылғы 14 қаңтар 19:53

Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа құжатқа сәйкес, форум, конференция, ойын-сауық, отбасы, еске алу шараларын (банкет, той, мерейтой) және басқа да адам көп жиналатын шараларды үйде және ашық жерде өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар корпоративтік және басқа да адам көп жиналатын шараларды өткізу мақсатында жеке иеліктегі үй мен құрылыстарды жалға беруге болмайды. Алайда Ashyq жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану орындарында 30 адамға дейін ас беруге рұқсат етіледі.
«600-ге дейін оқушысы бар облыс орталығы, қалалар мен аудан орталықтарының мектептері штаттық режимде жұмыс істейді; ал білім алушылар саны 600-ден асатын мектептер қашықтан оқытады, ауыл мектептері штаттық режимде білім береді, 1-2 сыныптар штаттық режимде жұмыс істейді, 3-5 сыныптар – кезекші сыныптар (қашықтан оқыту жағдайында). Колледж бен ЖОО студенттері аралас форматта білім алады: дәрістер онлайн өтсе, практикалық, зертханалық, семинар сабақтар штаттық режимде болады», - делінген қаулыда.
Сонымен қатар білім ордасының әкімшілігі рұқсатын берген жағдайда, вакциналаудың толық курсын алған оқушылар мен студенттер штатты режимде білім алады.
«Мектептен тыс ұйымдарда жеке және 10 оқушыға дейінгі топтық сабақтар, мүмкіндігі шектеулі балалар/ересектерге арналған түзету мектептеріндегі жеке және 8 адамға дейінгі топтық сабақтар штаттық режимде өтеді», - делінген құжатта.
Жаңа ережелер 2022 жылдың 15 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Авторы Жанна Мұсабаева


Jańalyqtar

MURAǴAT