Қостанай облысының ауылына ауыз су құбыры тартылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бейімбет Майлин ауданының Новоильинов ауылында ауыз су құбыры іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа су құбыры жүргізілген Новоильинов ауылында 1500 адам тұрады. Олар бұл жаңалықты бірнеше жыл бойы күтті. Су құбырының құрылысы 2017 жылы басталды. Салтанатты шараға облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаев пен аудан әкімі Қуандық Еспергенов қатысты.

«Екі жыл ішінде ауқымды жұмыс орындалды. Көтермелі сорғы станциясы, су тазарту құрылғысы орнатылды. 100 куб таза су қоры жасалып, екінші көтермелі сорғы станциясы салынды. Сонымен қатар 10 киловольт болатын электр беру желісі іске қосылды. Нысанның жалпы ұзындығы 19 976 метрге жетеді, соның ішінде магистральды және таратушы желілер – 11 шақырым. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін 196 құдық орнаттық. Авторлық қадағалау бойынша «Кочин Владимир Федорович» жеке кәсіпкері қызмет көрсетті. Су таратқыш пен желілердің құрылысы республикалық және облыстық бюджет есебінен жүргізілді. Барлығы 553,2 млн теңге бөлінді. Суға бірінші болып Новоильинов орта мектебі қосылды», - деді басқарма басшысы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауыл ақсақалы Әліби Өтегеновтің сөзінше, әлеуметтік нысанның іске қосылуы ауданның экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

«Бұған дейін суды құдықтан алып келгенбіз. Сол себепті тұрғындардың дені арнайы су тазартқыш құрылғыларын сатып алуға мәжбүр болды. Алайда мына жаңалық көптің көңілін көтерді. Қала тұрғындары секілді, біз де сапалы ауыз суға қол жеткіздік. Облыс басшылығына алғысымыз шексіз», - дейді Әліби Өтегенов.

Ауыл тұрғындарына облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан су жылытқыштар сыйға тартылды.

Айта кетейік, Бейімбет Майлин ауданының Валерьяновка ауылында да су құбырының құрылысы басталды. Жұмыстарға 450 млн теңге жұмсалмақ.

Жаңа әлеуметтік нысан 2020 жылы пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар