Қостанай облысының аудандары астықты экспортқа шығаруға дайын

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Сарыкөл, Қарасу аудандарына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір басшысы алдымен Сарыкөл ауданының агроөнеркәсіпік кешенімен танысты. 22 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша, ауданда 284,7 мың гектар дәнді дақыл, 35,5 мың гектар майлы дақыл егілген. Алқаптарда 464 комбайн жұмыс істеді. Мәселен, сапалы техникалардың арқасында «Мелитопольское» ЖШС диқандары гектарына 18,7 центнер өнім алды.

«Барлығы 12702 гектар егіс алқабымыз бар. Комбайндар 7-8 жыл бұрын сатып алынса да, ескіре қойған жоқ. 12 дана «Джон-Дир» комбайны, 5 дана К-700 және 16 трактор бар. Шетелдерден бидай өңдейтін заманауи техникаларды да әкелдік. Мысалы, БДМ дискілі боронның 2 данасын сатып алдық. Қазіргі уақытта серіктестікте 70 адам тұрақты жұмыс істейді», - деді «Мелитопольское» ЖШС директоры Эдуард Двуреченский

«Мелитопольское» серіктестігі биыл құны 185 млн теңгелік бидайтазалағыш кешені құрылысын салды. Енді олар астықты экспортқа шығаруға қауқарлы. Алайда, облыс әкімі бидай сатуға асықпау керектігін айтты.

«Нарыққа шығармастан бұрын астықтың сапасына мән беріңіздер. Еш асығудың реті жоқ. Алдымен, құрғатып алыңыздар. Бүгінде көршілес Ресей былтырғыдай мол астық жинаған жоқ. Сондықтан көрші елдердің ішкі сұранысы мол болуы мүмкін. Қазір арзанға өткізгенше, көктемге қарай сатыңыздар», - деді облыс әкімі серіктестік басшысына.

Осыдан екі жыл ұрын Сарыкөл ауданында құны 600 млн теңгеге бағаланған ірі астық сақтау қоймасы салынған болатын. Қойма сыйымдылығы 24 мың тоннаға лайықталған. Инвестициялық жобаны "Ақпан-Инвест" ЖШС қаржыландырды. Осы кезеңде мұнда 32 адам жұмыс істейді. Аталған ЖШС директоры Данияр Өтеулиннің сөзінше, астық жинау жоспар жұмыстары бойынша орындалып келеді.

Архимед Мұхамбетов Қазақстандағы ең ірі астық қоймасы - Сарыкөл элеваторында болды. Элеватордың сыйымдылығы 400 мың тоннадан астам. Бұл - шамамен облыстағы екі ауданның астығы. Элеваторда сақтау, кептіру, тиеу, өңдеу сияқты 5 қызмет түрі көрсетіледі. Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жұмысына жақсы бағасын берді.

«Астық көлемі бойынша  былтырғы жылдың көрсеткішінен 10 пайызға қалып келеміз. Қазір облыста 4 млн гектар дәнді, 600 мың гектар майлы дақылдар жиналды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғаяды. Егіс маусымы аяғына дейін майлы дақылдардың үлесін 700 мың гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл біздің облыс үшін жақсы көрсеткіш болар еді», - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс басшысы қарасулықтарға астықты артық шығын шығармай, уақытында жинап алуды тапсырды. Әкім сапары Қарасу ауданында жалғасады.

Соңғы жаңалықтар