Қостанай облысының әкімі жұмысшыларға он үшінші жалақы беруді жүктеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының есебі тыңдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тақырыбында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының жетекшісі Мұрат Шаимов баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда индустриалды-инновациалық даму мемлекеттік бағдарламасының орындалуы өңірде оң нәтиже көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің үстіміздегі жылғы тоғыз айындағы көлемі 286,7 млрд теңгені құрады. Жыл сайын облысымызда осы бағдарлама аясында жаңа өндіріс орындары пайдаланылуға беріледі.  Соңғы жеті жыл ішінде аймақта 125 млрд теңге болатын 84 жоба жүзе асып, шамамен 5 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылды. Осы бағдарлама бойынша жүзеге асырылған жобалар 468 млрд теңгенің өнімін өндірді. Қазіргі кезде 84 жобаның 42-сі Индустриалдық картадан шығарылды, 36-сы тұрақты түрде жұмыс істейді», - деді Шаимов.

Оның сөзінше, Қарабалық ауданында бройлерлік ет өндіру жобасы тоқтап тұр. Қазір «Шаңырақ» компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Әлеуетті инвестор жоғарыдағы нысанды іске қосудың картасын жасады. Жоспар бойынша 2018 жылдың төртінші тоқсанында алғашқы өнім алынбақ. Сол секілді Қостанай қаласындағы «Шемішке майын өндіруді ұйымдастыру» жобасы да тұралады.

«Қостанай май зауытының» жобасы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаны әрі қарай жүзеге асыруға жоба беруші мүдделі болмаса, онда комиссия құрылып, егжей-тегжейлі тексерілгені дұрыс. Қолға алынған жұмыстар айтылған мерзімінде іске асырылуы тиіс. Мұндай қателік енді қайталанбасын»- деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Архимед Мұхамбетов аймақтың барлық елді мекендерінде өткізілетін іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылу қажеттігін, дүкендердегі азық-түлік тауарларының бағалары қалыпты болуын баса айтты.

«Бұған қоса, мекемелер мен кәсіпорындарда қызметкерлердің еңбек жалақысы бойынша қарыздың болмауы жөн. Айтулы мерекелерге байланысты он үшінші  жалақы беру жағын да қарастырыңыздар», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар