Қостанай облысының әкімі айлық жалақысы туралы айтты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қанша жалақы алатыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы «Antikor live» бағдарламасының тікелей эфирінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың маңыздылығын атап өтті.

« Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің «Сыбайлас жемқорлық біз үшін емес» акциясын қолдаймын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу керектігін үнемі айтып отырады. Мемлекеттік қызмет барынша ашық болуы тиіс. Осы мүмкіндікті пайдаланып мен айлық жалақымды жария еткім келеді. Менің айлық табысым 766 мың теңгені құрайды», - деді облыс басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, «Сыбайлас жемқорлық біз үшін емес - Коррупция не для нас» жалпыреспубликалық акциясын биыл «Адалдық алаңы» жобалық офисі бастаған болатын. Жақында Қостанай облысына сапары аясында «Адалдық алаңы» республикалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байғұлов қалалар мен аудандардың әкімдерімен кездесу өткізіп, оларды осы акцияны қолдауға шақырды.

Қоғамдық белсенділердің айтуынша, бұл шараға басшылардың белсенді қатысуы ең алдымен мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсетеді. Сондай-ақ халықтың мемлекеттік басқару органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Акция 2020 жылдың 9 желтоқсанына дейін жалғасады, оның қорытындысы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні шығарылады.


Соңғы жаңалықтар