Қостанай облысының 9 ауылына газ тартылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгінде Қостанай облысына қарасты 556 елдімекеннің 70-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бұл туралы облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік жағдайды жақсартуды мақсат еткен Президент бастамалары ішіндегі бесінші тармақ - «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Бүгінде облысқа қарасты 556 елдімекеннің 70-і көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Алмат Исенбаевтың айтуынша, Қостанай облысы - ел аумағындағы газдандырылған 12 аймақтың қатарында.

«2019 жылы Қараөзек - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы басталады. Ол Астана қаласын, Қызылорда, Қарағанды және Ақмола облыстарының елдімекендерін газдандыруға мүмкіндік береді. Біздің аймақта да орталық газбен қамтамасыз ету мәселесі қолжетімді. Алайда, елдімекенге дейін құбырлар жүргізіліп, ауыл ішінде газ тарату желілері салынғанымен, абонент қосу қызметінің қымбат болуына байланысты тұрғындардың барлығы бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Мәселен, 2016 жылы Қашар кентіне табиғи отын тартылғанымен, 12 мың тұрғынның 283-і ғана орталық газ желісіне қосылған. Бірақ, біз бұл мәселені кешенді түрде шешетін боламыз», - деді Алмат Исенбаев.

Облысты газдандыруға инвестиция тарту үшін облыс әкімдігі 2015 жылдың қараша айында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ арасында жалпы құны 13,4 млрд теңге болатын меморандумға қол қойды. Меморандумда облыстың 9 елдімекенін алғаш рет газдандыру көзделген. Атап айтқанда, Әулиекөл ауданының Әулиекөл, Аманқарағай, Рудный қаласының Қашар кенті, Лисаков қаласының Октябрьский, Қарабалық ауданының Ворошилов және Тоғызақ ауылдары, Денисов ауданының Антоновка және Алчановка ауылдары, Федоров ауданы Федоров селосына газ тартылады.

Жалпы, 2020 жылға дейін ҚР Энергетика министрлігі газдандыруды жалғастыру үшін 2 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам қаражат бағыттамақ. Оның 1,3 млрд теңгеден астамы Әулиекөл селосына жұмсалады.

Соңғы жаңалықтар