Қостанай облысының 381 мектебі штаттық режимде оқытады

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында 400-ге жуық мектеп штаттық режимде оқытады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақыт Есімованың айтуынша, облыстық бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 3-тоқсанда мектептердегі карантиндік шаралар жеңілдетілді. Өңірдің оқушы саны 300-ге толмайтын 381 мектебі штаттық режимде білім береді.

«Барлығы 30276 оқушы дәстүрлі форматта білім алатын болады. Қалған мектептерде 1-5 сыныптар арасында кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Ал 9-11 сыныптардағы оқу процесі аралас нысанда өтеді. Пәндердің 70%-і мектепте өткізілсе, қалған 30%-і қашықтан оқытылады.

38,5 мың оқушы қашықтан оқу процесімен қамтылады»,- дейді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар колледждердің 1-курсындағы 7 мыңға жуық студент штаттық режимде оқиды.

Оқу орындарында санитарлық нормалар сақталған. Бюджет есебінен 375 млн теңге қаржы бөлініп, әр мектепке қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді.

«Қазір қорғаныс құрылғыларының 3 айлық қоры дайындалды. Қажет болған жағдайда тағы да қаржы бөлінеді. COVID-19 пандемиясы білім беру жүйесіне де айтарлықтай әсер етіп отыр. Сол себепті 1-5 сынып оқушыларының ата-аналары балаларын баламалы онлайн оқытуда қалдыруға толық құқылы.

Жақын арада ұстаздарымыз бен оқушыларымыз колледж, мектептерге емін-еркін келіп, білім алатын жағдайға жетеміз деген үміттемін»,-деп жазды Бақыт Есімова.


Соңғы жаңалықтар