Қостанай облысындағы ауылдар дербес бюджетке көшеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қостанай облысының ауылдық округтері 1 млрд теңгеге жуық пайда тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спановқа сілтеме жасап.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы өңір экономикасын ілгерілетуге септігін тигізеді. Соның нәтижесінде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қостанай облысында тұрғындар саны 2 мың адамнан асатын 45 ауылдық округ бюджеттің дербес деңгейіне және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқаруға ауысты.

«Бюджеттің 4-ші деңгейі жұмысының бірінші жылы аяқталып қалды. Сондықтан, осы кезеңде белгілі бір қорытындылар шығаруға болады. Бюджетті жоспарлау мен игеру, коммуналдық меншікті басқару бойынша оң үрдістерді атап өткен жөн. Дегенмен, барлық 45 ауылдың бюджеті субвенциялық тұрғыда қарастырылатынын ескерсек, олардың шығындары өз кірістерінен асып түседі, ал жетіспейтін қаражат аудандық бюджеттерден өтеледі. Жалпы субвенциялықтың орташа шамасы 45,4% құрайды, ал жеке ауылдар мен ауылдық округтер бойынша 89,2%-ға дейін жетеді. Аудандық бюджеттерге тәуелділіктің ең төменгі көрсеткіші Әулиекөл ауылы (0,6%), Жітіқара қаласы (1,3%), Қостанай ауданының Мичуринский ауылдық округі (13,5 %) және Затобол кентіне ( 19,3 %) тиесілі. Ал ең жоғары көрсеткіш Науырзым ауданының Қарамеңді ауылдық округі (89,2%) мен Қарасу ауданының Октябрьское ауылында (88,2%).

 2020 жылдан бастап өңірдегі барлық 243 ауылдық округ дербес бюджетке ауысады. Сол себепті бірқатар кемшіліктерді қазірден дұрыстау қажет. Енді әр ауылмен жеке жұмыс істейтін боламыз» - деді Ерлан Спанов.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді. Өткен 9 айдың қорытындысын есепке алсақ, 45 ауыл 932,5 млн теңге пайда түсірген. Бұл көрсеткіш негізгі жоспардағыдан 12,2 пайызға жоғары. Атап айтқанда, Қостанай ауданының Затобол кенті 164,9 млн теңге, Әулиекөл ауылы 38,4 млн теңге, Сарыкөл ауылы 36,3 млн теңге пайда тапты. Сонымен қатар Арқалық қаласындағы Родина ауылдық округінің пайда түсімі - 2,9 млн теңге ғана.

Ерлан Спанов айтқандай, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін күшейту кадр саясатына да байланысты. Тиісінше, жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мәселесі де толығымен шешілмей келеді. Мәселен, 11 ауылдық округ аппаратында 18 бос орын бар. Ауыл әкімдеріне жыл аяғына дейін қажетті мамандарды тарту жұмыстары жүктелген.

Соңғы жаңалықтар