Қостанай облысындағы ауылда құс өсіру алаңы ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Жас қанат» құс фабрикасы Жданов ауылында құс өсіру алаңын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат kostanaytany.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл алаңда құстың бройлер тұқымы бағылып, ет өндірісіне ден қойылады. Инвестициялық нысан 40 мың бас құсқа шақталған. Жоба «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ заемдік қаражатымен жүзеге асырылды. Жоспарлы жобалық қуаттылық бойынша, жылына 3 500 тонна ет алынады. Мұнда өндіріс, құс бағу өнімдерін өңдеу үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіпорынға Германиядан әкелінген соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жаңадан 87 жұмыс орны ашылады.

Айта кеткен жөн, "Жас қанат" құс фабрикасы бройлер етін өндіруші облыстағы ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Еске салайық, "Жас қанат" құс фабрикасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшті.

Нәтижесінде құс фабрикасына республикада баламасы жоқ көп қатарлы тор жабдықтары қойылды. Құны 1 млрд теңге тұратын жоба аясында жылына 250 млн жұмыртқа алу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар