Қостанай облысында жылқыларға GPS орнатылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл өңірдің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауға, энзоотиялық препараттар сатып алуға, цифрландыру жұмыстарын ілгерілетуге облыстық бюджеттен 277 млн теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бекет БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері қай уақытта да эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығына байланысты. Бұл мәселе облыс басшылығының қатаң бақылауына алынды.

«Бүгінде Қостанай облысының аумағы жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан таза, эпизоотиялық жағдай тұрақты. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін шет елдерге, еліміздің басқа облыстарына еш кедергісіз шығаратын мүмкіндігі бар. Жыл сайын ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндеттерді жүзеге асырамыз. Стратегия шеңберінде жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 11 түріне, энзоотиялық аурулардың 5 түріне қарсы вакцина егіледі, аурудың 32 түріне диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Ветеринарлар жыл ішінде 5 млн-ға жуық манипуляция жасайды», - дейді Бауыржан Бекет.null

Оның сөзінше, қойылған міндеттерді сапалы орындау үшін 9 индикатор белгіленген. Осы индикаторлардың бірі - ІҚМ бруцеллезінің таралу динамикасын төмендетіп, кейін оның тұрақты түрде ұстап, одан әрі өршуіне жол бермеу.

«Егер 2014 жылы ІҚМ бруцеллезінің таралу көрсеткіші облыс бойынша 1 % құраса, бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп, бруцеллез ауруының таралуы азая бастады. Ветеринария басқармасы елді мекендер мен шаруашылықтардағы бруцеллез ауруына тұрақты мониторинг жүргізіп, дер кезінде сауықтыру шараларын жүзеге асырып отырады. Былтыр ІҚМ бруцеллезі бойынша 10 елді мекен мен шаруашылықтар ауру ошағы деп жарияланып, шектеу шаралары жүзеге асырылды. Жыл соңында 9 ауру ошағы індеттен толық сауықтырылды, қалған 1 ауру ошағында және биыл ашылған 3 ошақта сауықтыру жұмыстары жалғасуда», - деді ол.

Облыстың эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау мақсатында жануарлардың бір жерден екінші жерге орынын ауыстыруға бақылау жолға қойылған. Ол үшін күнделікті берілетін ветеринариялық анықтамалар ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы қадағаланып отырады. Сондай-ақ кешенді жұмыстар қатарына елді мекендер мен шаруашылықтарда профилактикалық дезинфекция жұмыстарын жүргізу жатады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 2169 объектіге 1 млн 244 мың квадрат метрлік ауданға дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір тетігі - мал өлекселерін дер кезінде утилизация жасау. Бауыржан Бекет айтқандай, бүгінде облыста мал өлекселерін өртейтін 26 арнайы пеш-инсинераторлар жұмыс істейді.

«Энзоотиялық ауруларға қарсы препараттарды қолданудан жақсы нәтижелер алған бірқатар шаруашылықтар бар. Мысалға, Қостанай ауданының «Карл Маркс» серіктестігі, Меңдіқара ауданының «Заря» акционерлік қоғамы өз қаражатына препараттарды сатып алып, 10 жыл бойы үзбей қолдану нәтижесінде, осы шаруашылықтарда бруцеллез және туберкулез бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдай қалыптасқан. Малдың орташа салмағы және сүт өндіру басқа шаруашылықтармен салыстырғанда жоғары», - деп түсіндірді Бауыржан Бекет.

Биыл аталмыш басқарма карантиндік іс-шаралар жүргізуді күшейтпек. Сонымен қатар, жылқылардың қозғалысын қадағалауға арналған GPS-жүйесімен жабдықтау жобасын жалғасады.

«Биыл 50 жылқыға орнату жоспарланған, бұл арқылы 2500 басқа жуық жылқының қозғалысы қадағаланатын болады. Бұл технология жылқы өсірушілерге, жеке тұлғаларға жылқының тұрған орынын цифрлық жүйе көмегімен қадағалуға мүмкіндігін береді, мал ұрлығы мен жоғалудың алдын алады. Халықаралық эпизоотиялық бюро сарапшыларының еліміздің ветеринариялық қызметіне берген PVS бағасына сәйкес жасалынған жұмыс жоспарын облыс аумағында жүзеге асырамыз», - деп түйді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Соңғы жаңалықтар