Қостанай облысында жолаушылар пойызы тракторға соғылды
Қостанай магистраль жүйесі бөлімінің бас инженері Абзал Спановтың айтуынша, бастапқы мәліметке, өткелдің күзетшісі шлагбаумды жапқанға К-700-дің тіркемесі теміржолды кесіп өтетін жерге шыққан.
«Жұмысында ақау пайда болған К-700-дің тіркемесі рельстің үстінде қалып қойған. Өткел кезекшісі нұсқаулыққа сәйкес, дереу шаралар қабылдау үшін Притобольская стансасының кезекшісіне хабар берген. Алайда уақыттың жетіспеушілігінен және К-700 тіркемесіндегі ақауларға байланысты жүк көлігін пойыз келгенге дейін теміржолдан алып тастай алмаған. Пойыз машинисі шұғыл тоқтаған, алайда арадағы қашықтық тым қысқа болғандықтан, соққының алдын алу мүмкін болмады», - деді А. Спанов.
Маманның айтуынша, бұл жағдайда локомотивтің машинисі нұқсқаулыққа сәйкес әрекет еткен. Пойыз рұқсат етілген жылдамдықпен келе жатқан.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеді.