Қостанай облысында жол жөндеуге 44 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 2025 жылға дейін шамамен 2 мың шақырым автожол жөнделеді. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Қостанай облысында жол жөндеуге 43,7 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде республикалық жолдарға – 6,4 млрд теңге, облыстық маңызы бар жолдарға – 13,9 млрд теңге, аудандық жолдарға және елді мекендердегі көшелерге 23,4 млрд теңге жұмсалады. Бүгінде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, онда Мемлекет басшысының облыстық және аудандық маңызы бар, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесін 2025 жылға қарай 95%-ке дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау негізгі міндет болады. Осыған байланысты жыл сайын жолдарды жөндеуге кемінде 20 млрд теңге бағытталады және осы кезеңде шамамен 2 мың шақырым автожол жөнделеді», - деді облыс басшысы.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019 жылы облыста 19 көше күрделі жөндеуден өткен. Оған 658 млн теңге бөлінді. Барлық жөндеу жұмысының арқасында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 69%-ға жақсарған. Биыл Амангелді, Әулиекөл, Бейімбет Майлин, Денисов, Ә.Жангелдин, Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Федоров аудандарында, Арқалық қаласындағы аудандық жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.

Бұған дейін Архимед Мұхамбетов халыққа есеп беру жиыны барысында аймақтағы тұрғын үй құрылысы туралы баяндады.



Соңғы жаңалықтар