Қостанай облысында жол жөндеуге 23 млрд теңге бөлінді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2019 жылы облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және көшелерді жөндеу жұмыстарына 23,3 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл бұл қаражаттың 4 млрд теңгесі 2018 жылы жөндеу жұмыстары басталған 10 нысанға бағытталады. Қалған қаржы жоспарға сай игеріледі.

«Осы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды орташа жөндеу үшін 41 конкурс өткізілді, мердігерлік ұйымдармен келісім-шарттар 30 учаске бойынша жасалды. 7,4 млрд теңге орташа жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Қазірдің өзінде Қамысты, Меңдіқара және Федоров аудандарында жол жөндеу басталып кетті. Қалған аудандарда мердігерлік ұйымдардың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 24 мамырындағы жағдай бойынша, бөлінген 23,3 млрд теңгенің 7 пайызы ғана игерілді. Ал бюджет қаражатын игеруді маусым айынан бастап тексере бастаймыз», - деді Б.Есенғұлов.

Елді мекендердің көшелеріне жөндеу жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінген. Ал Рудный қаласындағы Володарский көшесі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қайта жаңартылатын болып шешілді. Сондай-ақ, «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде 5 аудан орталығындағы 19 көше жаңа кейіпке енеді. Бұл мақсатқа 649,1 млн теңге қарастырылған.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аудан әкімдеріне аудан орталықтарының көше желісін дамыту бойынша 3 жылдық жоспар құруды тапсырды. Бұл мәселені облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бақылауда ұстайды.

Соңғы жаңалықтар