Қостанай облысында жер үйде тұратындар қысқа уақтылы дайындалмайды - ТЖД

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұрхан Қабыкеннің айтуынша, тұрғын үй секторында алдын алу жұмысын жүргізу үшін жылыту маусымы қарсаңында 9 745 үйде тұратын 30 908 азаматтың әлеуметтік осал топтарының тізімі жасалған.

Бүгінгі күні облыстық ТЖД қалалық және аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері осы санаттағы тұрғындардың тұрғылықты жерін 100% аралап шықты.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1 190 фактісі анықталды, оның 143-і орнында жойылды.

Биыл Қамысты және Жангелді аудандарындағы 9 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілген. 165 үйде жылыту пеші жөнделді, 229 үйде түтін мұржасы тазартылды.

Көпбалалы отбасылардың, мүгедектер мен зейнеткерлердің үйінде газ сигнализаторын орнату жұмысы жалғасып жатыр.

Ведомство өкілінің айтуынша, халық пеш пен мұржаны қыс түспей, жылы кезде алдын ала жөндеп алмайды, сосын ол тұрмыстық өртке себеп болады.

«Өрт қауіпсіздігі ережелерін білу және сақтау жамандықтың алдын алуға көмектеседі», - деп атап өтті Н. Қабыкен.

Айта кетейік, Қостанай қаласында жылыту маусымы 29 қыркүйекте біртіндеп басталады.


Соңғы жаңалықтар