Қостанай облысында жатақханада қалған студенттерге ыстық тамақ беріледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты үйіне бара алмай, жатақханада қалған студенттерге барынша көмек көрсетіледі. Бұл туралы брифингіде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 25 жатақханасы жұмыс істейді. Оларда 2 569 студент тұрады. Бұдан өзге жоғарғы оқу орындарына тиесілі 14 жатақхананың студенттері үйлеріне жіберілді.

«Халықты коронавирустық инфекциядан қорғау бойынша шараларды күшейту мақсатында Қостанай облысының білім басқармасы балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуде. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 11 жатақханасында 71 студент қалды. Олардың 45-і – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Жатақханада қалған студенттерге ыстық тамақ ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттерге ақшалай өтемақы картадағы шоттарына аударылады», - деді басқарма басшысы.

16 наурыздан бастап өңірдің 498 мектебіндегі оқушылар толығымен демалысқа жіберді. Олардың жыл сайынғы саяхат жұмыстары кейінге шегерілді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасын, Ұлттық зияткерлік байқауын өткізу мерзімі ауыстырылды. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары онлайн форматта өткізіледі. Курстардың бір бөлігі осы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылады.


Соңғы жаңалықтар