Қостанай облысында зейнетақының орташа мөлшері 20 мың теңгеге көбейді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында базалық зейнетақыға қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде облыс зейнеткерлерінің 58 пайызы қаржылай көмекке қол жеткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтің айтуынша, жыл сайын тұрғындарға 60 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 12-сі республикалық бюджет қаражатынан әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындауға байланысты және мүгедектікті белгілеу бойынша 1 қызмет іске асырылады. Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап департамент мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін тағайындау тетігінің өзгеруіне байланысты, барлық зейнеткер үшін базалық зейнетақыны қайта есептеу жүргізілді. Нәтижесінде облыс зейнеткерлерінің 58 пайызы қосымша қаржылай көмекке ие болды. Атап айтсақ, зейнетақы мөлшері 15 мың теңгеден 28 мың теңгеге дейін артты. Қайта есептеу кезінде зейнеткерлердің ақшасы азайған жоқ. Тағы бір айтарымыз, бүгінде облыста ең төменгі зейнетақы 52 мың теңге болса, зейнетақының орташа мөлшері былтырғымен салыстырғанда 20 мың теңгеге көбейді, яғни ол 87 мың теңгені құрады», - дейді Мұрат Мұратбеков.

Өткен жылдың шілде айынан бастап өңірде бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын тұлғаларға жаңа жәрдемақы енгізілді. Барлығы 700-ге жуық күтуші ай сайын 31 183 теңге жәрдемақы алады.

«Мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап келеді. Тек Қостанай облысы бойынша өткен жылы 142 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы мен жәрдемақы төленді», - дейді департамент басшысы. «Облыста биыл 28 мың мүгедек адам тіркелді. 2017 жылмен салыстырғанда мүгедектер саны 182 адамға көбейген. Сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ғимараттар мен нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету басты бақылауда. Өткен жылы жоспардан тыс 74 тексеру жүргіздік, 150-ге жуық тәртіп бұзушылық анықталды».

Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 32 субъектіге тәртіп бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жіберілді, жалпы сомасы 4266 мың теңгеге 20 әкімшілік айыппұл салынған.

Соңғы жаңалықтар