Қостанай облысында заңсыз мемлекеттік қызмет көрсеткен делдалдар ұсталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда заңсыз мемлекеттік қызмет көрсетіп жүрген делдалдар анықталды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл ҚР Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы күрес туралы 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Салауат Мүксімов баяндамасында айтқандай, түбегейлі реформалардың аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңа моделі қалыптасып, әлемдік стандарттарға сәйкес институттар мен механизмдер қолданысқа енді.

«Басты мақсатымыз - тек қана сыбайлас жемқорлықпен күресу ғана емес, оның себептерін анықтап, түбегейлі жою. Осы бағытта соңғы бірнеше жылда 60-тан астам заң қабылданды. Заңның дұрыс орындалуына ішкі істер органдарының да жауапты екені сөзсіз. Бүгінде Қазақстанның жол полицейлері шетелдік әріптестерінің тәжірибесі бойынша жаңа форматта жұмыс істеуде. Заң таяқшаны қолдануды шектеді, әкімшілік іс жүргізуде цифрландыру енгізілді. Бұған қоса, жол-патруль полициясы қызметкерлерінің көлік құралдарын себепсіз тоқтатуға тыйым салынған», - деп атап өтті департамент басшысы.
null

Статистикаға сенсек, мемлекеттік қызмет көрсету саласы сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім. Салауат Мүксімовтің сөзінше, жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі қызметкерлермен тікелей байланыс нәтижесінде жасалады. Қылмыстардың дені пара алумен байланысты.

«Жұртшылықпен бірлесіп «Жасырын сатып алушы» іс-шарасын өткіздік. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасында делдалдық қызметтермен заңсыз айналысатын тұлғалар өз қызметін көбінесе ХҚКО аумағында жүзеге асырады. Осы жылдың басынан бері осындай қызмет көрсеткен 13 тұлға ұсталды. Олармен күресу үшін кешенді жұмыс жоспары құрылды. Сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау және оның алдын алуда тұрғындардың көмегі зор», - деді Салауат Мүксімов.

Сонымен қатар, департамент мамандары мемлекеттік қызметкерлер арасында ішкі сыбайлас жемқорлықты, мүдделер қақтығысын, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануды жою үшін жасырын онлайн сауалнама ұйымдастырмақ.

Соңғы жаңалықтар