Қостанай облысында Үздік педагогтар одағы құрылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында елдегі тұңғыш Үздік педагогтар одағы құрылады. Бұл туралы бүгін тамыз кеңесі барысында облыстық Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк айты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктің сөзінше, жаһандық тенденциялар жағдайында білім беру сапасын жақсарту инновацияға негізделген. Тиісінше, бұл міндетті іске асыруда білікті оқытушылардың рөлі ерекше.

«Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 12 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, олардың 56% – жоғары және бірінші санатты. 3 мыңға жуық мұғалім ұлттық біліктілік тестінен сәтті өтіп, 30-дан 50% дейін жалақы үстемеақысын алады. Жалпы, облыста оқытушылар құрамы толығымен жасақталды. Педагог имиджін қалыптастыруда аймақтың Үздік мұғалімдерінің одағы маңызды рөл атқаратындығы сөзсіз. Мұндай одақтың Қазақстанда баламасы жоқ. Қазіргі уақытта оны заңды түрде тіркеу жұмыстары жүргізілуде», - деп хабарлады басқарма басшысы.

Бұл жолғы тамыз конференциясы «Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім берудің сапасы: Қостанай облысының білім беру жүйесін дамыту үрдістері мен перспективалары» тақырыбын арқау етті. Кеңесте облыс педагогтары атқарған істерге баға беріліп, жоспар бекітілді. Жиын соңында үздік мұғалімдер Ы.Алтынсарин атындағы және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар