Қостанай облысында үш өрт сөндіру бекеті ашылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында үш өрт сөндіру бекеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментіінің мәліметінше, инфрақұрылымның барлық саласына, соның ішінде өрт сөндіру саласына инновация енгізіле бастады.

Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2014 жылдан бері халық саны 67 мыңнан астам 105 елді мекенді қосымша өртке қарсы қорғаумен қамтамасыз ететін 35 өрт сөндіру бекетін құрған. Барлық бекеттер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің базасында құрылған және қажет болған жағдайда дала өртін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру үшін тартылады.

Биыл облыстық ТЖД өрт сөндіру бекеттерін қамтамасыз ету үшін 5 өрт сөндіру техникасын бөлді. Наурызым ауданының Шолақсай, Қарасу ауданының Амангелді және Арқалық маңындағы Молодежное ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Олар 7 елді мекенді және оларға іргелес дала алқаптарын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Олардың командалары тек өрт сөндіруге ғана шығып қоймай, олардың жауапкершілік аймағында болып жатқан кез келген төтенше жағдайды жоюға қатысады, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі.

«Осы аудандардың тұрғындары үшін өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы маңызды оқиға. Мемлекеттік өртке қарсы бөлімшелердің алыс болуына байланысты, көбінесе, жергілікті өрттер өрт сөндірушілер көмегі келгенге дейін өрт көп жерді шарпып үлгереді. Енді жаңадан құрылған өрт сөндіру бекеттерінің төтенше жағдайға дер кезінде шығуы, келтірілуі ықтимал залалды азайтуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Өрт сөндіру бекеттерінің салтанатты ашылуына ТЖД аумақтық бөлімшелерінің бастықтары, әкімдік өкілдері және өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы қатысты. Шақырылғандар өрт сөндіру бекетінің техникасын қарап шықты.


Соңғы жаңалықтар