Қостанай облысында түнгі уақытта жұмыс істеген дәмханалар анықталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында карантин шараларына қарамастан дәмханалар мен қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істеп келген. Арнайы мониторинг топ тұрғындарды шектеу шараларына салғырт қарамауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 қарашадан бастап облыс көлемінде карантиндік шектеулер күшейтілген болатын. Осы орайда мониторингтік топ мүшелері ортақ тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында орта және шағын бизнес нысандарын тексеруді жалғастырып келеді.

Енгізілген ережеге сай, түнгі уақытта тағам сататын дүңгіршектер қызметі 21:00-де тоқтап, тапсырыс жеткізуге 22:00- ге дейін ғана рұқсат берілген. Соған қарамастан дәмханалар мен тамақтану орындары шектеу шараларын орындамай, жұмыс істеп келген.

Облыста осы күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық талап бұзушылықтың 5300-ге жуық дерегі тіркеліп, 1400-ден астам хаттама толтырылды. Жалпы саны 900-ге жуық айыппұл салынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қостанайда жеті мониторингтік топ құрылған. Олар күн сайын карантин режимінің сақталуын қадағалайды.

«16 қарашада санитарлық бекеттерде 11773 автокөлік тексерілді. Облысқа себепсіз кіру фактісі бойынша ҚР Мемлекеттік шекарасында 1 автомашина кері қайтарылды. Шекараға келген автокөлікті тексеру кезінде КВИ белгілері бар адамдар анықталған жоқ. Мониторингтік топтардың мәліметінше, кеше карантин режимі 90 рет бұзылған. Жұмыс орындарында маскасыз жүргендерге, тыйым салынған уақыттан кейін жұмыс істеген дәмханалар мен тамақтану орындарына ескерту жасалды. Сағат 22.00-ден кейін ретсіз көшеде жүргендер анықталды», делінген полицияның хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар