Қостанай облысында той жасап, құдалық өткізетіндер қатары тыйылмай тұр

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында карантин шараларына қарамастан құдалық өткізіп, той жасағандар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысында қатаң шектеу шаралары белгіленді. Соған қарамастан той жасап, отбасылық отырыстар өткізетіндер қатары тыйылмай тұр. Тек 17 қараша күні мерекелік және еске алу іс-шараларын өткізудің 5 дерегі анықталды.

«17 қараша күні Жангелдин ауданы, Ақшығанақ ауылының тұрғыны өз үйіне 30 адамды шақырып, құдалық өткізді. Рудный қаласының мониторингтік тобы өткен «Октава-К» кафесінде 20 адамның қатысуымен еске алу түскі асын өткізгендерді анықтады. Денисов ауданында сағат 12.30 шамасында жол бойында орналасқан «Түйе мойнақ» дәмханасы келушілерге қызмет көрсеткен. Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында рейд шаралары барысында «Восток» азық-түлік дүкеніндегі карантин режимінің бұзылуы тіркелді», делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қостанайлық полицейлер Ұзынкөл ауданы, Обаған ауылында жүк көлігін тоқтатып, тексерді. Көлікті Түркістан облысының тұрғыны басқарған. Ол тиісті құжаттарсыз 37 бас жылқыны тасымалдаған. Аумақтық ветеринария комитетінің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша материал жинады. Жалпы 17 қарашада санитарлық бекеттерде 10418 автокөлік тексерілді, оның ішінде 3 көліктің облыс шекарасына кіруіне тыйым салынды.


Соңғы жаңалықтар