Қостанай облысында теннисшілерге пәтер берілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласындағы «Достық үйінде» Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бегалин қатысты. Ол қостанайлық сурдлимпиадашылардың аймақтық спорттың дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«2017 жылы сурдлимпиада ойындарында еліміздің құрама командасында қостанайлық спортшылар Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқабаев және Гаип Данияров үстел теннисі бойынша командалық жарыстарда қола медаль жеңіп алды. Олар 2016 жылғы Әлем чемпионатында жүлделі екінші орынға ие болған еді. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті әкімдік тарапынан пәтер беріледі. Тиісінше, чемпионға үш бөлмелі пәтер, күміс медальға екі бөлмелі, қола жүлде алған спортшыға бір бөлмелі пәтер ұсынылады», - деді басқарма басшысы.

Сонымен, үстел теннисі шеберлері – Данияр Ескендіров, Қанат Қоңқабаев және Гаип Данияровтарға «Юбилейный» шағынауданынан бір бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Олардың бапкері Серік Данияровқа облыс әкімінің алғыс хаты берілді. Серік Данияров 20 жылдан астам уақыт Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған Қостанай мектеп-интернатында жұмыс істейді. Балаларды үстел теннисіне баулып, халықаралық жарыстарға дейін шығарған.

Баспаналы болған спортшыларды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желі арқылы құттықтады.

«Спортшыларымызды жаңа баспанамен құттықтаймын! Жаңа пәтерлерде жайлылық, жылулық және спорттық жетістіктер тілеймін!» - деп жазды облыс басшысы инстаграмдағы парақшасында.

Еске салайық , XXIII Cурдлимпиада ойындары Түркияның Самсун қаласында өткен болатын. Төртжылдықтың басты ойынына есту қабілеті нашар үш мыңға жуық спортшы қатысқан. Ал Қазақстаннан 9 спорт түрі бойынша 50-ге жуық спортшы барған еді. Олар еркін және грек-рим күресі, самбо, жеңіл атлетика, жүзу, таэквондо, үстел теннисі және спорттық бағдарлама бойынша сынға түскен болатын.


Соңғы жаңалықтар