Қостанай облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жобалар басталды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты ауқымды жобалар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты кешенді шаралар жоспарланған. Олардың жүзеге асуына жергілікті атқарушы билік өкілдері ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысуда. «Sanaly urpaq-2050» қоғамдық қорының жетекшісі Нұрбек Әбдібековтің айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларды қолға алуына айтарлықтай мүмкіндік беріліп отыр.

«Бұл елдің ішкі саясатындағы, экономика және әлеуметтік-мәдени саладағы ҮЕҰ-дың маңызының артқанын көрсетеді. Былайша айтқанда, атқарушы органдар пен тұрғындар арасындағы делдал қызметін атқаруда. Биыл біз «Тәуелсіздік тағылымы», «Шежір ғұмыр», «Тәуелсіздік тұлғалары» атты ауқымды жобаларды бастадық. «Тәуелсіздік тағылымы» жобасы бойынша жұмыс 2021 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі. Жоба ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналмақ. Оның мәні – ел табиғатын, оның тарихи ескерткіштерін, спорттағы, экономика мен мәдениеттегі жетістіктерін көрсету. Сондай-ақ республикалық және облыстық дәрежеге ие сарапшыларды шақырып, кездесулер ұйымдастырамыз. Қостанай облысының Тәуелсіздік жылдарындағы он жетістігін ұсынбақпыз», - дейді Нұрбек Әбдібеков.

«Шежіре ғұмыр» акциясы барысында онлайн-кездесулер, конкурстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер сияқты танымдық іс-шаралар топтамасы ұсынылады. Ұйымдастырушылар тәуелсіздік тақырыбына қатысты зияткерлік ойын өткізеді. «Қазақ елі шежіресі» тақырыбына бейнематериалдар байқауы жарияланып, Қостанай облысының құрметті тұлғаларына арналған дөңгелек үстелдер өтеді. Жоба қазірдің өзінде басталып кетті.


Соңғы жаңалықтар