Қостанай облысында тасқын судан ауыл тұрғындары эвакуацияланды

None
ҚАРАМЫРЗА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында тасқын су салдарынан Қарасу ауданындағы Карамырза ауылының тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«4 сәуірде қардың қарқынды еруінен және Қарасу ауданындағы Тінтуір өзеніне еріген судың түсуінен өзен арнасынан тасыды. Су басу аймағында 12 тұрғын үй және 40 үй аумағы қалды.

Апатты-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу барысында Набережная көшесі бойында су басу аумағында қалған үйлерден 15 адам, соның ішінде 8 бала эвакуацияланды. Олар өз қалауы бойынша туған-туыстарына орналастырылды. Ірі және ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды.

552 адам тұратын ауыл тұрғындарына су тасқыны қаупі туралы хабар уақытылы жеткізілді», - делінген ТЖД мәліметінде.


Ауыл әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің басшылық етуімен жедел штаб құрылды.

Департамент қызметкерлері қажет болған жағдайда халыққа көмек көрсету үшін (соның ішінде психологиялық) үй-үйді аралауды ұйымдастырды.

ТЖ департаментінде жедел желі құрылды, нөмірі – 8 714 2 50 36 24.

Су басу орнында ТЖД, жергілікті атқарушы органдар мен полицияның күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта жағдай бақылауда.



Соңғы жаңалықтар