Қостанай облысында тағы бір индустриялық аймақ ашылады

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат- Жітіқара қаласында құрылысы басталған индустриялық аймақ 2019 жылы қолданысқа беріледі. Бұл туралы Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраев баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2014 жылы құрылыс жұмыстары басталған Жітіқара қаласындағы индустриялық аймақ келесі жылы іске қосылады. Бұл жобаға 312 млн теңге жұмсалды. Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Қостанай қаласында облыстағы бірінші индустриялық аймақ ашылған болатын. 

«Осы жылы Жітіқарадағы индустриялық аймақтың жұмыс жоспарына түзетулер енгізілді. Басты мақсат - нысанның сметалық құнын азайту. Бұған дейін аймақта автожолдар салу және абаттандыру туралы жоспарланды. Қазір қаржы жетіспеушілігіне байланысты үнемдеуге мәжбүр болып отырмыз. Жұмсалатын қаражатты қайта есептеп, 60 млн теңге үнемдедік. Енді жыл соңына дейін индустриялық аймақтың дайын жобалық-сметалық құжаттарын аламыз. 2019 жылы іске қосамыз», - деді аудан әкімі Абай Ибраев.

Аудан әкімінің сөзінше, Жітіқарадағы индустриялық аймақта кәсіп жүргізуге ниетті инвесторлар жетерлік. Бастысы - оларға қолайлы жағдай жасау.

Жітіқара қаласында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы да қарқынды жүргізіліп келеді. «Қостанай минералдары» АҚ басқарма төрағасы Ербол Нұрғожаев Елбасы Жолдауын іске асыру шеңберінде өндірістік процестерді цифрландыру арқылы индустрияны дамыту және Жітіқара ауданына инвестициялар тарту туралы мәселелерді әңгімелеп берді.

«Өнеркәсіпте цифрлық технологияны кеңінен қолдану жұмыс өнімділігіне жол ашады әрі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мәселен, «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС кенішінде өндірістік эксплуатацияға диспетчерлендірудің автоматты жүйесі іске қосылды. Ал «Полиметалл» компаниясының жыл сайынғы ғылыми-өндірістік конференциясының шеңберінде маркшейдерлік суретке түсіру жобасы әзірленіп жатыр.  Яғни, кәсіпорын жұмыс күшін арттырмай-ақ, өндіріс көлемін ұлғайта алады. Атқарылған жұмыстардың қауіпсіздік деңгейін көтеру арқылы өзінің өндірістік қуатын еселей түседі, - дейді ол.

Жобалық басқару, үдерістік тәсілді меңгеру, үнемді өндіріс пен өндірісті автоматтандыру тәрізді заманауи басқару тетіктері арқылы «Қостанай минералдары» АҚ кейінгі жылдары өзінің еңбек өнімділігін едәуір арттырды. Соның арқасында орташа жалақы көлемі, салық түсімдері ұлғайды.

«Бүгінгі таңда бірқатар пилоттық жобалар қаралып жатыр. Атап айтқанда, ІР-телефондар, жылу қазандықтарын автоматты түрде басқару, ауысымалды медициналық тексерудің электронды жүйесі, 3D модельдерін форматтау, жүк көліктері жүргізушілерінің қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесі, т.б тың тәсілдерді игермекпіз», -  дейді Ербол Нұрғожаев.

Жалпы, соңғы бес жыл көлемінде өңірге қыруар инвестиция тартылған. Сандарға жүгінсек, өткен жылы оның көлемі 41%-ға ұлғайған. Яғни, 2013 жылға қарағанда 4,7%-ға өскен. Бұл аудандағы кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар