Қостанай облысында табиғи апаттан зардап шеккендерге БҚО-дан көмек ұйымдастырылып жатыр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға Батыс Қазаұстан облысынан көмек ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«AMANAT» партиясы БҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршиновтің айтуынша, демалысқа қарамастан, гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне тұрғындар келіп, қостанайлықтарға қолұшын созуда.

Оның айтуынша, Оралда «AMANAT» партиясы БҚО филиалы ғимараты мен Достық үйінде гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. Сонымен қатар осындай орындар барлық аудандық филиалдар жанынан ұйымдастырылды.

«Ұн, күнбағыс майы және басқа азық-түлік, күнделікті халық тұтынатын бұйымдар жинақталғаннан кейін арнайы көліктер Қостанай облысына жол тартатын болады. Біз қостанайлықтармен біргеміз. Халқымыздың басынан талай қиындық өткен. Арыс оқиғасы, өз облысымызда Шалғын, Жақсыбай ауылдары суға кеткен кезде де осындай көмектер көрсетілді. Сондықтан бұл жолы да табиғат апат зардаптарын елдің жұмылуы арқасында жеңіп шығатын боламыз», деді К.Нұршинов.

Кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Ашықованың сөзіне қарағанда, бұл іске көпшілік барынша үн қосуда. Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер ұйытқы болуда. Айталық, кәсіпкерлер өздері шығаратын өнімдерді, жылы киім-кешек, жеке гигиеналық заттарды жіберетін болады.


Соңғы жаңалықтар