Қостанай облысында су басуы ықтимал 39 елді мекен бақылауға алынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында қазіргі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімовке сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД басшысының айтуынша, көктемгі су тасқыны облыс тұрғындарын, сондай-ақ мемлекеттік мүдделі органдарды да алаңдатты. Сондықтан барлық күштік құрылымдар тасқынның алдын алу шараларын жүргізуге бағытталған.

«Төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға 378 млн 894 мың теңге бөлінді. Қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен 20,8 мың тонна инертті материал, 52,8 мың құм салынған қап, 119,5 тонна жанар-жағармай материалы дайындалды. Тұрғын үйлердің еріген сулармен су басу қаупін болдырмау мақсатында 1,89 млн текше метр қар шығарылды. Осы жылдың 18 наурызынан бастап департаменттің дағдарыс орталығында органдарының басқару қызметінің күштері мен активтерді үйлестіру жөніндегі аймақтық жедел штаб құрылды. Штаб құрамына азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері кірді», - деп мәлім етті департамент басшысы.

Облыста103 гидротехникалық құрылыс бар. Суды ағызып жіберуге бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, техникалар сатып алынды. Облыстың батыс, оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі төтенше жағдайды болжау үшін жұмыс тобы ұшақпен тексеріс өткізді. Ғарыштан түсірілген суреттер де көмек көрсетуде. Ресей тарапынан су тасқыны көлемі жөніндегі өзара әрекеттестік ретке келтірілді.

«Су басу қаупі ықтимал 39 елді мекен әлі де бақылауда. Оның ішінде 6 елді мекенге су алқаптардан, ал қалған 33 аймаққа өзендер мен көлдерден су келуі мүмкін. Су тасқынын апатсыз өткізу мақсатында осы жылы жарылыс жұмыстарының көлемі мен саны артты. 20 су қоймасы учаскесінде мұзды қопару үшін 8 ауданда жарылыстар жүргізілді. Су тасқыны жағдайы тұрақты және үнемі бақылауда. Ауыл аймақтарын су басты деген ақпарат келіп түскен жоқ», - дейді Талғат Кәкімов.

Қостанай облысында ұзындығы 44,8 шақырым жолдың су тасқынына ұшырау қаупі бар. Тасқын аймақтарынан эвакуацияланған азаматтарды уақытша орналастыру үшін 1496 кереует және 49,5 мың тонна азық-түлік дайындалды. Су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шараларының ережелері туралы халықты ақпараттандыру және оқыту үшін жұмыс жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар