Қостанай облысында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне наградалар табысталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен кездесу өткізіп, оларға Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай мемлекеттік наградалар мен мерейтойлық медальдарды табыстады.

«Жеңіс мерейтойына дейін небәрі бірнеше күн қалды. Қазір соғыс туралы көп айтады, әр түрлі айтады. Бірақ біз үшін Жеңіс - кеңестік сарбаздың ерлігі. Олардың арасында қазақстандықтар, қостанайлықтар да болды. Біз оларды мақтан тұтамыз. Соғыстың барлық ауыртпалығын басынан кешірген аға ұрпақ өкілдеріне әрқашан үлкен құрметпен қараймыз. Соғыс жылдарында бүкіл ел бірікті. Жеңіске тылда жүргендер де атсалысты. Ардагерлер бүгінгі күні де қатарда жүр. Сіздер танытқан жауынгерлік рух, ержүректілік пен батырлық біз үшін үлгі. Сіздерден жас ұрпақ өкілдерімен кездесіп, мектептерге баруды, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысуды сұраймыз. Бүгінде Қазақстан - әлем картасында танылып отырған тәуелсіз мемлекет. Біз елімізде бейбітшілік орнап отырғанына қуаныштымыз», - деді Н.Сәдуақасов.

Облыс әкімі аймақта Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық бойынша үлкен жұмыс жасалып отырғанын, барлық ескерткіштер жөндеуден өткенін, Жеңіс қорында игі істерге жұмсалатын 100 млн. астам теңге жиналғанын хабарлады.

Кездесу аяқталған соң Нұралы Мұстафаұлы шараға денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмаған үш соғыс ардагерінің үйіне барып, оларды алдағы мерекемен құттықтап, мерейтойлық медальдарды табыстады.

Соңғы жаңалықтар