Қостанай облысында ресейлік 184 рет жол ережесін бұзған

None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайда жол ережесін өрескел бұзып, қолдан жасалған сақтандыру полисімен көлік жүргізген Ресей азаматы ұсталды. Тәртіп бұзушының көлігі айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп бұзушы 2021 жылдың 10 ақпанында ұсталды. Патрульдік полиция қызметкерлері Арман Бектұрсынов пен Әділ Жақыпов Ресей Федерациясының 29 жастағы азаматы мінген «FORD Гэлакси» маркалы автокөлігін тоқтатады. Автоматты тіркеу құралдарының көмегімен 2020 жылғы 20 маусым мен 2021 жылғы 10 ақпан аралығында аталмыш көлік иесінің 184 рет жол ережесін бұзғаны анықталды. Айыппұл көлемі 3,5 млн теңгеден асып кеткен.

«Жүргізуші жалған сақтандыру полисімен көлік құралын басқарған. Автокөлік Қостанай қаласы әкімдігінің мамандандырылған тұрағына орналастырылды, құқық бұзушыға салынған айыппұлдарды төлеу қажеттілігі туралы хабарлама берілді. Жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалған сақтандыру полисін пайдаланғаны үшін материал жиналды», делінген полиция ақпаратында.

2021 жылдың қаңтарында «Автоураган» құрылғысы арқылы шетел көліктеріне қатысты 1676 ереже бұзу дерегі тіркелген. Айыппұл сомасы – 10 млн 209 мың теңге. Қазір көлік иелеріне 700 нұсқама жіберілді.


Соңғы жаңалықтар