Қостанай облысында өрттен бір үйдің үш баласы мерт болды

Фото: None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Амангелді ауылында бір үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сағат 10:58-де Қостанай облысының Амангелді ауылында Ермағамбетов көшесіндегі екі пәтерден тұратын тұрғын үйден өрт шыққан.

«Ол үйде алты мүшесі бар көпбалалы отбасы тұрып жатқан: төрт жас бала мен олардың 1983 және 1994 жылғы ата-анасы, балалардың үлкені – 8 жаста. Өрт сөндірушілер жеткенше, көршілер төрт баланы сыртқа шығарған, оқиға кезінде олардың ата-анасы жұмыста болған. 11:07-де Амангелді орталық аудандық ауруханасының мамандары 2016, 2019 және 2020 жылы туған балалардың өлімін тіркеді», - деп түсіндірді департаменттен.

Құтқарушылар өртті 11:32-де ауыздықтады, 11:44-те өрт толығымен сөндірілді.

«Өрттің себебін анықтау үшін Амангелді ауданына Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру зерттеу сынақ зертханасының мамандары жіберілді», - деп қорытты департаменттен.

Авторы: Жанна Мұсабаева


Соңғы жаңалықтар