Қостанай облысында орман өртіне қарсы 33 мобильді топ құрылды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жыл басынан бері 5 орман өрті тіркелген. Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомство бастығының орынбасары Азамат Орымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдын алу жұмыстарының күшейтілгеніне қарамастан, бүгінгі таңда аймақта 1522 гектар аумақты құрайтын 5 орман өрті тіркелген. Олардың ең ауқымдысы - Қарабалық ауданының Михайлов орман мекемесі аумағы. Онда 900 гектарға жуық орман массиві өртенді.

«Бүгінгі таңда өрттің шығу себептері мен келген шығынды және кінәлілерді анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Жалпы, орман өртінің шығыны 3,5 млн теңгеден асты. 12 сәуірден бастап өңірімізде өрт қаупінің алдын алуға 33 мобильді топ жұмылдырылған. Олардың қатарында азаматтық қорғаныс, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Қазіргі таңда департамент облыстық әкімдік бекіткен жоспар бойынша мемлекеттік орман алқаптарындағы өрттің алдын алуға бағытталған бірқатар шаралар өткізуде», - деді Азамат Орымбаев.

Айта кетейік, былтыр дәл осы мерзімде өңірімізде үш өрт тіркелген. Биыл тілсіз жаудың жиілеуіне қардың ерте еріп, даланың тез құрғауы себеп болған дейді департамент мамандары.

Енді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупінің алдын алу мақсатында саяжайларға рейд жүргізуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар