Қостанай облысында өндірістегі жазатайым оқиғалар едәуір кеміген

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында өндірістік жарақат жағдайлары өткен жылдармен салыстырғанда біршама кеміген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Макеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде жұмыс берушілердің дені еңбек қауіпсіздігіне жете көңіл бөле бермейді. Дегенмен, биылғы 7 айда өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өндірістегі жарақат деңгейі біршама төмендеген. Мәселен, өндірістегі қайғылы жағдайлар 91-ден 66-ға немесе 27 пайызға, ал өлім-жітім саны 9 пайызға азайған. 

Бақытжан Макеевтің айтуынша, өңірде өндірістік жарақат жағдайлары көбінесе тау-кен, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында жиі орын алады. 

«Ағымдағы жылы тау-кен металлургия өнеркәсібінде өндіріспен байланысты апаттардан 8 адам зардап шексе, өткен жылы 15 жағдай тіркелген. Осылайша, көрсеткіш биыл 46 пайызға төмендеген. Өңірлер бойынша салыстырып айтар болсақ, өндірістегі жазатайым жағдайлардың жоғары көрсеткіші Қостанай (23), Рудный (9), Арқалық (5), Лисаков (4) қалалары мен Әулиекөл (5) және Ұзынкөл (4) аудандарында сақталып отыр. Ал, өлім-жітім оқиғалары Қостанай қаласындағы «Кост-Дэн», «РСО Сәулет», «Достар-09, «Қостанай Жолдары» серіктестіктері, Әулиекөл ауданындағы үш кәсіпорында болған», - деді инспекция маманы. 

Өткен жылдардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көптеген жұмыс берушілер қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне назар аудармайды, еңбек құқығын қорғаудың ұлттық және халықаралық стандарттарын орындамайды. Кейбір кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жауапты тұлғалар жоқ, жеке және ұжымдық қорғаныспен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат жеткіліксіз, еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестациялау бойынша жұмыстар жүргізілмейді, мерзімді медициналық тексерулер өтпейді. Бақытжан Макеев айтқандай, өндірістегі жазатайым оқиғалар көбіне кездейсоқ апат ретінде қабылданады.

Соңғы жаңалықтар