Қостанай облысында мемлекеттік шекараға санитариялық бекеттер қойылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының мемлекеттік санитариялық бас дәрігері Е. Даулетбаев карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігі жанындағы жедел штабқа сілтеме жасап.

Қаулыға сәйкес 2021 жылғы 8 ақпаннан бастап Қостанай облысындағы мемлекеттік шекараларда санитариялық бекеттер орнатылады. Сонымен қатар қалааралық, облысішілік автобустардың емін-еркін қозғалуына рұқсат берілді. Бұл ретте көлік орындарының 75%-ы ғана толуы тиіс, жолаушылар қоғамдық көлікке маскасыз отырғызылмайды. Қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысы сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін белгіленді. Көліктер дезинфекциялық құралдармен міндетті түрде өңделуі тиіс. Сондай-ақ жексенбі күндері автобустардың жұмысы тоқтайды.

«Такси жүргізушісі мен жолаушылары міндетті түрде бетперде киюі керек. Азық-түлік сатып алу үшін дүкендерге, дәріханаларға, емдеу ұйымдарына шығуды, қоқысты шығаруды, жануарларды серуендетуді, сайлау учаскелеріне баруды және т. б. қоспағанда, Қостанай облысының елді мекендерінің аумағы бойынша 65 жастан асқан азаматтардың жүріп-тұруы шектеледі. Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Жаппай корпоративтік және басқа да іс-шараларды өткізу үшін жеке меншік үйлер мен құрылыстарды жалға алуға болмайды», делінген қаулы мәтінінде.

Аймақта карантин шаралары жеңілдетілгенімен ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, кальян, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық үй-жайлардағы балалардың ойын алаңдары мен аттракциондары, батуттар және басқалар), кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің қызметі тоқтатылады. Фудкорт, банкет залдарының қызметіне толық тыйым салынды. Мәдениет объектілерінің (жеке, топтық дайындықтар), театрлардың жұмысы уақытша шектеледі. Ал кітапханалардың, мұражайлардың қызметіне рұқсат берілді. Діни объектілердің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т. б.) қызметі жанданбақ. Алайда ғимарат ішіндегі асханалар жабық болады.


Соңғы жаңалықтар