Қостанай облысында көлік бақылау бекеттеріндегі жемқорлық тамыр жайған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Уәкілетті органдардың өкілдері және Арнайы бақылау тобының мүшелері Қостанай-Қарабалық тасжолындағы рейдтік кездесу кезінде көліктік бақылау бекеттерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық қауіптерін анықтау және жою туралы мәселені талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, осы тасжолдың рұқсат етілген жүк салмағы 10 тоннаны құрайды. Осы шартты ұстанғанда жол кем дегенде 5 жылға жарамды болуы тиіс. Бірақ, іс жүзінде олай болмай шықты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай бөлімшесі директорының орынбасары Нұрбек Темірханов жиналыс барысында мәлім еткендей, бүгінде тасжол учаскесінің залалы жарты миллиард теңгені құрайды. Мемлекет 3 жыл бұрын жаартқан жолды жөндеу үшін осынша қаржы қажет.

«Соңғы 10 жылда республикалық маңызы бар тасжолды жөндеу үшін 70 млрд теңге жұмсалған. Оның 7 млрд теңгесі Қостанай қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аралықтағы М36 учаскесін жөндеуге бөлінді. Осы учаскедегі жол 10 тоннадан аспайтын салмаққа арналған. Алайда, жүк тасымалдаушылар бұл талапты ескермейді. Осыған байланысты жолдар жарылып, кемшіліктер пайда болуда. Ауыр жүктердің залалы 525 млн теңгені құрап отыр», - деді Нұрбек Темірханов.

Алайда, Қостанай облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Руслан Сейталин басқа сандарды келтіріп, жыл басынан бері 10 тоннадан астам ауыр жүкті тасымалдаудың тек бір фактісі тіркелгенін атап өтті.

Жалпы, инспекция 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында көліктік бақылау бекеттерінде 10823 автокөлік құралдары тіркеліп, тексерілген. Қарабалық бекетінде 9 мың көлік тексерілген. Тексеру барысында 665 бұзушылық анықталып, бюджетке 86 млн теңге айыппұл түскен.

Арнайы бақылау тобының мүшесі Алдан Менкеев келтірілген деректерге ашуланып, бекетте жемқорлық барына сендіруде.

«Мен 23 шілдеде Қарабалық ауданындағы бекетте таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін болдым. Өздеріңіз білесіздер, үш жыл бұрын рейд жүргізгенімде бекеттегі шелектен 5 мың теңге табылған еді. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Мен бұл жерден әр ай сайын өтемін, бәрі көз алдымда болып жатыр. Енді шындықты айтайық. Қазір көлік полициясының қызметкерлері жұмыс істеп жатқандарын айтуда. Бұл жолда тіпті жол белгілері жоқ. Бәрі тек қағаз жүзінде жасалған», - деді А. Манкеев.

Бақылау тобының мүшесі көрсеткендей, бекетте жемқорлық схемасы жұмыс істейді. Мұны осы учаскеден өтетін жүргізушілердің әңгімелері жазылған аудиотаспа  дәлелдеп отыр.

А. Менкеевтің айтуынша, жемқорлық схемасы мынадай: КамАЗ жүргізушілері жанармай құю бекетіне келеді, кейін жүргізуші таксимен бекетке барып, ақша беріп, қайта таксимен келеді және КамАЗға отырып, айналма жолмен кетеді.

Оның пікірінше, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы - «Қарабалық» көліктік бақылау бекетін жабу.

«Бүгін 7 млрд теңге жұмсалғаны туралы айтылды. Ал, бюджетке айыппұл түрінде тек 39 млн теңге түскен. Шындыққа тіке қарау керек. Шығындар өзін-өзі жаппайды», - деп түйіндеді ол.

Талқылауды Қостанай облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Салауат Муксимов қорытындылады. Ол бұл фактіні агенттіктің өз бақылауына алатынын атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар